Колледж тарихы

№97 ауылшаруашылығын механизацияландыру
училищесі (УМСХ) (1958жж)

Шиелі кентінің орталығында орналасқан зәулім үш қабатты ғимарат жастарға кәсіптік және жалпы білім беретін оқу ордасы. Жарты ғасырлық тарихы бар оқу орны жайлы сыр шертер болсақ, жаңа шежіре парақтары ашылғанын көруге болады.

Білім ордасы  сонау 1958 жылы қараша айында Бәйгеқұм қыстағында КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы «Еңбек Резервтері» Бас басқармасы, Оңтүстік аймақтық басқармасының шешімімен №97 ауылшаруашылығын механизацияландыру  училищесі (УМСХ)  болып құрылды.

Нұрмахан Қасымов 1959 -1961 жылдары
Бәйгеқұм №97 УМСХ директоры

Оқу орнының директоры болып, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрмахан Қасымов тағайындалып, училищеге қызығы мол ұстаздық қызметке білікті мамандар қабылданды. Білікті де білімді өскелең ұрпақ даярлау мақсатында аянбай қызмет атқарған директордың оқу  өндіріс жөніндегі орынбасары Төлеуов Әпи, директордың мәдени-көпшілік жұмыстар жөніндегі көмекшісі Қосназаров Б, аға өндіріс оқу шебері Қуандықов Ақылбек, ұстаздар: Қожамжаров Қ, Тайымбетов А, Исмайлов Ә, Тәуекелова К, Кадиров Ш, Кабулов Т, Исмайлов А, Иванчуков В, Өтебаев Қ, Ходжабеков О, Сыздықов Ш, Бакиров Ш, Палымбетов Ә,Гайназаров Б,Меңлібаев Қ, Нұрмаханов Ә,А. Аташев, Тәжімбетов Я, Дүйсебаев С,П.А.Ревин, Пайзекеев Қалдыбай сынды ұстаздар оқу орнының қайратты да қажырлы, сан қырлы әдіс-тәсілді алғашқы ұстаздары еді.

 

Бәкіров Шатланбек Бәкірұлы
1960 -1963 жылдары Бәйгеқұм УМСХ
оқу ісінің меңгерушісі, директоры

1962-1963 жылдары училищеге  Бакиров Шатланбек Бәкірұлы басшылық жасай отырып, училищенің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқу кабинеттерін  жабдықтауға  атсалысты.

1964 жылы № 97 Бәйгеқұм селолық кәсіптік- техникалық училищесінің директоры болып Нәлібаев Ыбырайхан Нәлібайұлы тағайындалды.  Директордың оқу-өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары Сыздықов Шымкент,  Өтебаев Қыдыр Бекназарұлы, оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары  Дүйсенов Мұсахан Дүйсенұлы, аға өндірістік оқытудың шебері Қуандықов Ақылбек,  директордың шаруашылық жөніндегі көмекшісі  Қалжанов Ермекбай, өндіріс оқу шеберлері Меңлібаев Қалмат, Ғайназаров Бұрхан, Тәжімбетов Яхия, Меңлібаев Жетпіс, Болатов Бегайдар, Дүйсебаев Сейітхандар жұмыла жүріп жұмыс атқарды.  Бұл уақытта 6 оқу кабинеті, 3 лаборатория, 1 слесарлық кабинет, 60 орындықты 1 асхана, 1 ағаш ұстаханасы, 1 кітапхана, 8 бөлек жатақхана болатын.

 

Нәлібайұлы Ыбырайхан Нәлібайұлы
1964-1971 жылдары №97 СКТУ директоры

1963-1964 жылдары тың және тыңайған жерлерге механизатор мамандығын дайындау және сол жерлерге кадрлар жіберу туралы өкіметтің қаулысын  насихаттап бауырлас, көршілес Украина, Белоруссия, Татарстан, Башқұртстан, Чувашия  Республикаларынан  жастарды мамандыққа баулу мақсатында Дүйсенов Мұсахан Дүйсенұлы, Досанов Әділхан Пірмәнұлы, Мәмбетбаев  Әлмағанбет Батырбекұлы  бірнеше рет барып оқушыларды оқуға тартты. Әрине, бұл жастарды тәрбиелеу, оларды механизаторлық мамандыққа баулу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, училище ұжымы жұмыла жүріп жұмыс жасап абыроймен алып шықты. Алғашқы топ –Украйнадан 200 бала келіп, жатақханаға орналастырылып,  тамақ, киім-кешек, төсек-орындармен қамтамасыз етілді. Тәрбие беру мәселесінде училище директоры  Нәлібаев Ыбырайхан Нәлібайұлы, оқу-тәрбие  жөніндегі орынбасары Дүйсенов Мұсахан Дүйсенұлы, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Үкітаев Мырзалылардың еңбектері зор.

1965 жылдың қаңтар айында республикалық социалистік жарыстың қорытындысы бойынша №97 ауылшаруашылығын механизацияландыру училищесі ІІІ- жүлделі орынды иемденіп, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды.

Осы жылдың наурыз айында ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында  Телікөл каналының  бойынан училищеге күріш егілді. Орылып, бастырылған күрішті тасымалдауға автокөлік жүргізуші – нұсқаушылар: Тәжімбетов Я,Алпысбаев Т, Раманқұлов М және Беркінов Өмірзақтардың еңбектері зор.  Бейнетқор басшы осындай игі істердің бастамашысы бола отырып, өзі де әрдайым тірлік  басынан табыла білді.

1965 жылдың 20 қыркүйегінде оқу орны №97 селолық кәсіптік техникалық училищесі болып өзгертілді. Осы жылы өндірістік оқу шебері болып Меңлібаев Жетпіс пен Болатов Бегайдар қабылданды. Меңлібаев Жетпіс домбыра оркестірінің белсенді мүшесі болды.

1970 жылдары училищенің көркемөнерпаздар үйірмесі қолға алынып, облыста үш рет жеңімпаз атанып «Қырым» теледидары, комплексті домбыра оркестрін сыйға тартты. Көркемөнерпаздар үйірмесінің ұйымдастырушысы өндірістік оқу шебері Ахметов Мырзахмет еді.

 

1970 жылдары училищенің көркемөнерпаздар үйірмесі

1970 жылы дене тәрбиесінің мұғалімі Қалекеев Жамантай Жұмаліұлы қабылданды. Жамантай жастардың спортпен шұғылданып, денесі шыныққан жас маман  болуына басты назар аударды. Нәтижесінде училище қабырғасынан қанат қағып шыққан жас мамандар арасынан облыс, республикаға танымал болғандары да бар.Атап айтар болсақ: Туманов Александр 1972 жылы жеңіл атлетикадан республика чемпионы, күрестен облыс жеңімпаздары Алдамжаров Баубек, Бакиров Алмас Шатланбекұлы, Жолмағамбетов Секенай, Смайлов Көркем Әзімханұлы, волейболдан Ділімбетов Сейітқали, Молдақараев Убайдулла. 1970 жылы В.И. Лениннің туғанына 100 жылдық мерейтойына байланысты, оқу орнының директоры Нәлібаев Ыбырайхан Нәлібайұлы және директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Дүйсенов Мұсахан Дүйсенұлы «Лениннің 100 жылдығы» медалімен марапатталды.

1970 жылдан бастап  елімізде бұрын машина-трактор стансасында оқыған механизаторлар техниканың жаңаруына байланысты біліктілігін арттыру үшін қайта шақырылды. Осыған байланысты көптеген шаруашылықтарда училище филиалдары ашылып, қысқа курстарда оқыту ұйымдастырылды. Замана ағымына ілесіп жастармен қоса оқу орны да түледі. Осы оқуға қабылданған  қаракөз қыздарымыздың ортаға жылдар салып әлемді мойындатқан «Еңбек ерлері» атанарын кім білген? Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаева, Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева, Социалистік Еңбек Ері Заһира Ержановалар болса ал, жаңа К-700  маркалы трактордың шығуына байланысты 1973 жылы 3 айлық курс ашылып,оны тәмамдаған Қазақ ССР Жоғары советінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетова, Құрмет белгісі орденді механизаторы Сұлтан Айтасовтар бізден шыққан түлектер, еліміздің мақтанышына айналған дара тұлғалар.

1971 жылы ақпан айында № 97 селолық кәсіптік – техникалық училище ұжымы Бүкілодақтық социалистік жарыста екінші рет ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алып, жеңімпаз атанды.

Ауыспалы Қызыл Туды табыс ету сәтінен

Осы жылдың шілде айында Нәлібаев Ыбырайхан Нәлібайұлы Қызылорда облыстық атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды.Осы жауапты қызметті 17 жыл абыроймен атқарып, еңбекқор азамат Нәлібаев Ыбырайхан Нәлібайұлы 1988 жылы республикалық дәрежеде зейнеткерлікке шықты.

1971 жылдың тамыз айында Сыздықов Шымкент училище диреторлығына тағайындалды.Бұл кісі бұрындары осы оқу орнында мұғалім, директордың оқу және өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарған.

Сыздықов Шымкент
1971-1984 жылдары училище диреторы

1972 жылы училище республикалық жарыстарда ІІІ-і жүлделі орынға ие болып жеңімпаз атанды. Осы жеңіске жетуге мұрындық болған директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Дүйсенов Мұсахан Дүйсенұлы осы жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» деген төс белгісімен марапатталды.

1973 жылы ұстаздар қатары жоғарғы білімді Шәйжанов Дәуітбай, Нуруллаев Әділбек сынды білікті мамандармен толықтырылды.

 Жаңа қоныс, жаңаша талап

1975 жылы мемлекет қамқорлығы арқасында Шиелі қыстағының ортасынан жаңа типтік училище құрылысы  басталды. Оқу корпусы 3 этаж, жатақхана 5 этаж, 14-оқу кабинеті,10-оқу лабороториясы, автокөлік және ауылшаруашылық машиналары тұратын гаражы, слесорлық және ағаш шеберханасы, электрогазбен дәнекерлеу,темір жонатын және ағаш ұстаханасы болды. Сонымен қатар училищеде 100 орындық асхана, 200 орындық акт залы, зәулім өте кең спорт зал жұмыс істеді. Осы ғимараттарды жылыту үшін 6 пештен тұратын қазандық жұмыс істеді. Мұғалімдер мен өндірістік оқу шеберлері 18 пәтерлі(барлық жағдайы жасалған) үймен қамтамасыз етілді. Осы жылы жаңа орынға келгеннен кейін және оқу бағдарламасының өзгеруіне байланысты училищенің аты өзгертіліп, ол № 97 орта селолық кәсіптік- техникалық училище деп аталды.

1978 жылы директордық оқу өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары Өтебаев Қыдырдың «Ленин» атындағы колхозға бас инженер болып ауысуына байланысты училище директорының оқу-өндіріс жөніндегі орынбасары болып Сәдібеков Амангелді тағайындалды.

№ 97 орта селолық кәсіптік- техникалық училище

1980 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Шиелі қыстағындағы жаңа типтік ғимаратта 4-оқу тобы сабақты бастады. Оқушыларға  мамандыққа қоса орта білім беретін  болғандықтан жаңадан  оқу ісінің меңгерушісі штаты ашылып осы штатқа  Жұмаділов Раушанбек тағайындалды.

1981 жылы бірінші курсқа 6 оқу тобы жасақталынып,  жалпы 10 оқу тобы оқыды. Жалпы саны 300-ден астам жас оқушы орта білім және мамандық беретін 3 жылдық мерзімде кең көлемді тракторист-машинист мамандығы бойынша оқытылды. Училище оқушылары алған білімдерін нақты іс жүзінде машықтандыру мақсатында ашылған оқу тәжірибе шаруашылығына меңгеруші қызметіне  Исаханов Өмірзақ қабылданды. Осы жылы жаңадан көптеген мұғалімдер мен өндіріс оқу шеберлері жұмысқа қабылданды. Атап айтар болсақ: өндіріс оқу шеберлері Әділов Мейрам, Сыздықов Махмут, Әбдікәрімов Серік, Сандыбаев Алмас, Дүйсенбаев Нысанбай, Жұрқабаев Көпбай. Жалпы білім беретін пәндерден: Отарова Гүлсара, Усманова Айнагүл, Махашова Үлбосын, Әлиакпарова Гүлдана, Ахметова Роза, Айдаралиева Пернеш, Айсауов Қайрат, арнайы пәндерден Шайыхова Тұрсын, Серікбева Дариха, Асанов Сартай, Ибрагимов Таңболат жұмысқа қабылданды.

Аудандағы ауылшаруашылық саласында қызмет атқарып жүрген механизаторлардың 3/2-і біздің училище түлектері. Училище түлектері жоғарғы не орта арнаулы оқу орындарын бітіріп, өздері ұшқан ұяда ұстаздық қызметте қалғандары да аз емес. Мысалы Полатов Құлашбек Жабағыұлы, Нұрмаханов Мұсахан, Аманбаев Әбдімәулен Алтынбекұлы, Өтебаев Арысбай Қыдырұлы, Өтебаев Пернебай Қыдырұлы,Белгібаева Күнсұлу, Әшірханов Исахан Бекмашұлы.

1981 жылдың ақпан айында Қазақстан Компартиясының Орталақ Комитеті, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы, Қазақ ССР Министрлер Советі оныншы бесжылдық қортындылары бойынша шаруашылық және мәдени құрылыс жоспарларын орындауды қамтамасыз еткен өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы, транспорт және басқа халық шаруашылығы орындарын Қазақ ССР-інің Алтын Құрмет кітабына енгізу жайлы қаулы қабылдады. Осындай құрметке № 97 орта селолық кәсіпті – техникалық училищесінің өндірістік оқу жөніндегі шебері Дүйсенов Пазылхан  да ие болды.

Дүйсенбек Ермаханов 1984-1986 жылдары №11 селолық-кәсіптік техникалық училищесінің директоры

1984 жылдың маусымы мен 1986 жылдың желтоқсан айы аралығында училищені Дүйсенбек Ермаханов басқарды. Директордың оқу өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Ш.Сыздықов,1985 жылы директордың оқу өндірісі жұмыстары жөніндегі орынбасары болып Ж.Әлжанов, өндірістік оқудың аға шебері Сейіткәрім Омаровтар қызмет атқарды.

1984 жылы ТИПТ-ны  бітіріп, училищенің 1977 жылғы түлегі Әбдиев Құрал Ерденұлы өндірістік оқу шебері қызметіне, 1989 жылы аға өндірістік оқу шебері, 2010 жылы директордың әкімгершілік-шаруашылық жөніндегі орынбасары лауазымы қызметтерін атқаруда.

1985 жылы колледждің 1977 жылы (бұрынғы №97 училище) түлегі Нұрмаханов Мұсахан Жарылқасынұлы өндірістік оқу шебері қызметіне, өзінің іскерлігінің арқасында 2001 жылдан бастап қазіргі таңға дейін аға өндірістік оқыту шебері қызметтерін мүлтіксіз атқаруда.

Оспанұлы Ысқақ
1987-2009 жылдары №11 Шиелі кәсіптік лицейінде директоры

1987 жылдың наурыз айынан бастап училищені Оспанов Ысқақ басқарды. Директордың оқу өндіріс жұмыстар жөніндегі орынбасары Шәйжанов Дәуітбай, оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Жиенбек Молдабеков, директордың шаруашылық жөніндегі көмекшісі Арынов Құрбан, аға өндіріс оқу шебері Әбдиев Құрал, оқу шаруашылығының меңгерушісі Зейнәбіл Беркінбаев, бас есепші Айдар Сәрсенбаев, дәрігер Сәуле Сүлейменовалар училищенің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты. 

Өнерліге өріс кең

1987-жылдан №11 Шиелі кәсіптік-техникалық училищесінде бұрыннан өз өнерін халық назарына ұсынып жүрген домбыра үйірмесі, кейіннен «Жас қанат» ұлт-аспаптар оркестрі құрылды. Оның көркемдік жетекшісі  болып Әлімбаев Бектай Күзембайұлы тағайындалды. Оркестр құрамы отыз екі өнерпаздардан құралды. Оның ішінде Әбдірахманов Батырхан, Жүсіпбеков Бекназар, Әлтаев Шархан, Аюпова Гүлбарам, Белгібаева Күнсұлу, Өтебаев Пернебай, Жұрқабаев Көпбай секілді оқу ісінің шеберлерімен қатар: Тәжіков Жалғас, Колистратова Наталья, Тұрсынбаев Бақыт, Ұябаев Дахар, Әбілқасымова Үміт, Жақсылықов Мақсұт, Мекебаев Нұрландар бастаған өнерлі жиырма бес оқушы бар еді.

№11 кәсіптік-техникалық училищесі жанындағы  ұлт-аспаптар оркестрінің репертуарында халық әндері мен күйлері, Қазақстан сазгерлерінің шығармалары, Құрманғазының, Динаның, Түркештің, Сүгірдің, А.Жұбановтың, К.Күмісбековтің және т.б. сазгерлердің оркестрге арналған күйлері мен шығармалары орын алды. Бірнеше әдеби-музыкалық, би-музыкалық сазды қойылымдар (композиция) көрермендер назарына ұсынылды.

1989 жылы №97 селолық кәсіптік – техникалық  училищесінің 1974 жылғы түлегі Полатов Құлашбек Жабағыұлы  өндірістік оқу шебері  болып қабылданып, арнайы пән оқытушысы, аға өндірістік шебері, директордың  шаруашылық жұмысы жөніндегі орынбасары, директордың оқу өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары  жұмыстарын аброймен  атқарып келеді.

1990-жылы оркестр мүшелерінен жасақталған жас ақындар тобы оқушылар арасындағы облыстық ақындар айтысының ақтық кезеңіне (финал) жолдама алып, Жалағаш ауданының дәл осындай ақындар тобымен айтысып жүлделі 1-орынды иеленді.

Оркестр сол кездегі ауданда өтіп жатқан «Еңбек ұжымдарының күні», «Наурыз», «Мамыр», «Алтын күз» мерекелері секілді түрлі мәдени-көпшілік шараларға үнемі қатысып отырды. Әсіресе, 1989-жылғы 23-25 тамыз аралығындағы Шиелі кәсіптік-техникалық училище базасында өткен инженер-педагог қызметкерлерінің 1-Облыстық мәслихатының барлық музыкалық-мәдени іс-шараларын жоғарғы деңгейде өткізуі атап айтарлықтай жетістік болды. Мәслихаттың қорытынды концерттік бағдарламасы толықтай «Жас қанат» оркестрінің мойнында болды. Келесі,1990-жылғы Тасбөгетте өткен инженер-педагог қызметкерлерінің ІІ-Облыстық тамыз мәслихатында да концерттік бағдарламаның негізгі бөлігі «Жас қанат» оркестріне берілді. Осылардың дәлеліндей, жоғарыда айтып өткен Бектай Әлімбаевтың дипломдары мен Құрмет грамоталарының арасында 1989-жылы облыстық «Агроөнеркәсіп» комитеті төрағасының бірінші орынбасары Т. Рамазановтан,  және 1990-жылы облыстық «Агрокадрлар» бірлестігінің басшысы Ж.Құлымғалиевтан  Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1990-жылы қазан айында «Жас қанат» оркестрі кәсіптік-техникалық училищелердің құрылғанына 50 жыл толу мерекесіне орай Алматыға арнайы шақырылып, республикалық халық жетістіктері көрмесінде өтетін осынау дүбірлі шараны сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзінен кейін ашу құрметіне ие болды. Құрманғазының «Адай» күйімен ашылған мерекелік концерт Алматы аспанын бір жарым сағат бойы ән-күйге бөлеп тұрды. Бұл біз үшін, жалпы Сыр бойы үшін үлкен мақтаныш еді. Республикалық (тіпті  араб тіліндегі «Шалқар»газеті бар) мерзімді баспасөз құралдары бір училищенің ғана жанынан құралған осындай оркестр бар екенін жарыса жазып жатты. Келесі күні «Жас қанат» оркестрі сол кездегі Серік Байхонов басқаратын «Қазақстан» теле-арнасына елу минуттық концертін жазғызып, оны республиканың «Алтын қорында» қалдырды және ол концерт көп ұзамай «Қазақстан» теле-арнасынан көрсетіліп, республика жұртшылығына паш етілді. 1992-жылдың наурыз айында «Жас қанат» оркестрі «Халықтық» атаққа ұсынылды.

Жалпы «Жас қанат» оркестрінің үлкен жетістіктерге жетуіне сол кездегі училище директоры Оспанов Ысқақ мырзаның, Қызылорда облыстық «Агроөндірістік» комитет басшыларының көрсеткен қолдаулары мен көмектері ұшан-теңіз еді.Оркестрдің сахналық киімдері мен музыкалық аспаптарына тиісті қаражаттар бөлінді. Сахна киімдерін Алматы қаласындағы «Қазақ театрлар қоғамы» жанындағы шеберхана ұжымы тіксе, аспаптар Алматыдан арнайы алдырылды. Бұл жерде тағы да Оспанов Ысқақ мырзаның ұлттық өнерге деген үлкен сүйіспеншілігін айтпай кетуге болмас. Ол тіпті Бектай Әлімбаевқа училищенің сол кездегі жатақхана ғимаратынан бөлме бөліп, оның «Тарихи-этнографиялық мұражай» ашуына да үлкен қолдау көрсетті. Бұл мұражайды суретке түсірген С.Хутаевтің фотосы 1992-жылы «Егеменді Қазақстан»газетінің бірінші бетінде жарық көрді.

1988 жылы директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Молдабеков Жиембектің зейнеткерлікке шығуына байланысты ол кісінің орнына Айтенова Нысанкүл тағайындалды.

Осы жылы оқу орнының директоры Оспанов Ысқақтың ұсынысымен Қызылорда облысындағы 17 кәсіптік-техникалық білім беретін училищелер инженер-педагогог қызметкерлерінің Тамыз кеңесі бірінші рет облыс орталығынан сырт аймақта, біздің училищеде өтті. Бұл училище қызметкерлерінің барлығына үлкен жауапкершілік жүктеді. Алайда ұжымның барлық мүшелері «Бір оқу орны-бір мақсат» деген ұранмен сын-тапсырманы ойдағыдай атқарды. Тамыз кеңесіне қатысып, училищені оқу-материалдық базасымен танысқан Қаз ССР кәсіптік техникалық білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінен, Қызылорда облыстық компартия, халық депутаттары облыстық атқару комитетінің және өзге де мекемелерден келген өкілдері мен қонақтар ұжым мүшелерінің ісіне шын көңілдерімен ризашылықтарын білдірді.

Училищенің (қазіргі колледждің) 1991 жылғы түлегі Махамбетов Ғалымжан қазіргі уақытта Шиелші ауданының шаруашылықтарының 50-60 пайызын жанар-жағар маймен қамтамасыз етуші жеке кәсіпкер. Аудан экономикасының өрлеуіне жаңа белестерге шығуына өзіндік үлес қосып отырған абыройлы азамат. 

Биік белестер алда

2001-2002 жылдары инжинер-педагогтар Шайжанов Дәуітбай және Серікбаева Дариға «Орман шаруашылығы шебері» мамандығы бойынша  Қазақстан Республикасының жалпыға  бірдей  міндетті мемлекеттік  білім стандартын дайындап, бекітірді және қазіргі кезде  қолданыста. Аталған мамандыққа 24 оқушы қабылданып оқытылды.

2002 жылдың ақпан айынан бастап  директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып, Еспанова Ұлжан Исаханқызы, ал осы жылдың қыркүйек айында директордың оқу және өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып Полатов  Құлашбек  Жабағыұлы ауыстырылды.

2003 жылдың қараша айында Аңламасова Үміткүл психолог қызметіне қабылданып, 2013 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі таңға дейін директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі қызметін абыроймен атқаруда.

«Қанша оқысақта, тәрбиеміз кем болса қасиетіміз аз болады»- дегенді ұстанған Үміткүл апай әрдайым тәрбие тізгінін қолда ұстап, жастарды егемен еліміздің нағыз патриоты етіп тәрбиелеуге баса назар аударуды жөн санайды.

2009 жылдың қазан айында №11 Кәсіптік лицей директоры болып Дүйсенов Мейрамхан Мұсаханұлы  тағайындалды.

2009 жылдың қазан айынан бастап «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» директоры қызметін атқаруда

Жаңа заманға бейімделіп, Елбасы салып берген сара жолмен жүру бұл- уақыт талабы. Осы бағытты ұстанған Шиелі индустриалды-аграрлық колледж директоры Дүйсенов Мейрамхан Мұсаханұлы нарықтық қатынастарға сай әлеуметтік мекемелермен қауымдаса  іс-әрекет жасау тиімді боларын бірден аңғарып осы бағытта жұмыстар атқаруға кірісті.

2010 жылы 19 ақпан айында Бәйімбетова Гүлмира Есболатқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы уақыт аралығында біршама өзгерістер енгізуде. Атап айтсақ: 2013 жылы Г.Бәйімбетованың басшылығымен«Компрессор қондырғы машинисі» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушылары Қ. Ақшал, Г. Жұматова, С. Махмутқызы, Д. Шайжанов тест дайындап, өндіріс оқу шеберлері Орынбай Бекназаров пен Гүлмира Елеукеевалардың ізденістері мен шығармашылықтарының нәтижесінде  «Компрессорлық станциялар» оқулығы қазақша нұсқаға аударылып  100 тиражбен  жарық  көрді. 2013 жылы облыс көлемінде арнаулы оқу орындарына арналған «Жалпы және арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің іс-тәжірибелер жинағы» тақырыбындағы әдістемелік құралдың жарық көруіне бастамашы бола білді.